Бұл жарыс алғаш рет Алматы қаласында Almaty Arena стадионында өтеді, ал жалпы алғанда, бұл – Қазақстанда ATP аясында өтетін бесінші турнир. ҚТФ баспасөз қызметі осы турнирде болудың бес себебі туралы айтып берді.
№1 себеп: Қатысушылардың жұлдызды құрамы
Турнир жыл сайын жоғары деңгейде өтіп келеді, сондықтан ұйымдастырушылардың күшті құрамды жинай алғаны таңғаларлық емес.
Негізгі турнирде ТОП-30-ға кіретін алты ойыншы өнер көрсетеді: Фрэнсис Тиафо (17 АТР), Себастьян Корда (19 АТР), Артур Фис (21 АТР), Алехандро Табило (23 АТР), Карен Хачанов (25 АТР), Александр Бублик (27 АТР). Қазақстанның оңтүстік астанасында сондай-ақ Флавио Каболли (30 АТР), Томас Махач (33 АТР), өткен жылғы Astana Open АТР 250 чемпионы Адриан Маннарино (53 АТР), әлемнің бұрынғы 9-ракеткасы, италиялық Фабио Фоньини және басқалар ойнайды.
№2 себеп: Қазақстандық ойыншыларды қолдау
Тимофей Скатов пен Бейбіт Жұқаев жекелей сында негізгі турнирде ойнауға арнайы шақырту (wild card) алды. Іріктеу сайысына Әмір Омарханов wild card алды.
Жұптық сында негізгі жарыста Александр Шевченко – Тимофей Скатов және Денис Евсеев – Бейбіт Жұқаев ойнайды.
Денис Евсеев (Алматы), Бейбіт Жұқаев (Ақтау) және Әмір Омарханов (Қарағанды) Қазақстан теннис мектебінің түлектері болса, Тимофей Скатов – Петропавл тумасы.
Аталған ойыншылардан басқа Қазақстан намысын Михаил Кукушкин қорғайды. Алматыда АТР 250 турнирімен бір мезгілде Бельгияның Антверпен қаласында осындай жарыс өтетінін ерекше атап өтеміз. Онда өткен жылы Александр Бублик үздік шыққан еді. Антверпенде өзінің 250 ұпайын қорғау керек болса да, қазақстандық ойыншы елдегі турнирді таңдады. Бұл Александрдың отаншылдығын тағы бір танытады.
№3 себеп: Турнирдің ашылу рәсімі Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өтеді
Әлемге танымал қазақстандық әнші Almaty Arena стадионында 15 қазан күні сағат 19.00-де болатын турнирдің ашылу рәсімінде өнер көрсетеді.
№4 себеп: Теннистегі белсенділік
Тартысты матчтар мен әдемі теннистен басқа Almaty Arena аумағында басқа да көптеген қызықты шаралар өтеді.
- Басты белсенділік аймағы. Мұнда орналасқан ойын секцияларында өз күшіңді, шеберлігіңді сынап көруге болады. Алаңда түрлі фотоаймақтар, инсталляциялар және тіпті аэростат назар аудартады.
- Kids Zone. Егер турнирді қарауға балалармен келсеңіз, олар бір орында отырудан жалықса, арнайы жабдықталған орын қызмет етеді. Онда балалар уақытын қызықты әрі қауіпсіз өткізе алады.
- Food corner. Food corner-де сізді турнир әріптестерінен түрлі дәмді тағамдар күтеді: стритфудтан мейрамхана тамағына дейін.
- Giftshop. АТР-250 турнирінен өзіңізге немесе туысқандарыңыз бен достарыңызға ескерткіш сыйлық алғыңыз келсе, оны эксклюзивті кәдесый өнім сату аймағынан таба аласыз.
- Амфитеатр. Амфитеатр деп аталатын аумақта адамдармен пікірлесіп, демалып, әртістердің өнерін тамашалап, әрине, теннис тақырыбында онлайн көрсетілімдер мен фильмдер көре аласыз.
№5 себеп: Алматыға келу мүмкіндігі
Almaty Open ATP 250 турнирі – демалыс алып, Алматыға жол тартудың жақсы бір себебі. Бай тарихы мен тамаша табиғаты бар Алматы келушілерге қаланың керемет көріністерін ұсынады. Сондай-ақ мұнда түрлі тағамнен дәм татып, қайнаған базарға барып, қызыққа қаныға түсуге болады.
Beeline Janymda. Қазақстанда ең кең таралған мобильді интернет.