ҚСЗИ сарапшысы Тоқаевтың сұхбаты туралы: Белсенді сыртқы саясат – елдің тұрақты дамуы жолында

Фото: Ақорда сайты
Фото: Ақорда сайты
Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қағидаттарының бірі – көпвекторлылық, деп атап өтті Бекжан Садықов.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Еуропа және америкалық зертетулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ana tili" газетіне берген сұхбатындағы өзекті ойлар бойынша пікірін білдірді. 

Бекжан Садықовтың айтуынша, президент жыл қорытындысын шығарып, Қазақстанның мемлекеттік құрылыс стратегиясының негізінде жатқан негізгі қағидаттарды атап өтті.

"Қазақстанның сыртқы саясаты ұлттық стратегияда негізгі орынды алады, ол елдің геосаяси мүдделерін, аймақта және жалпы әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға деген ұмтылысын да көрсетеді. Жылдам өзгермелі халықаралық тәртіпте Қазақстан бірқатар елдермен және халықаралық ұйымдармен тиімді серіктестік орнатуға ұмтылып, теңгерімді, прагматикалық және көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыруда", – деді Бекжан Садықов. 

Оның сөзінше, Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қағидаттарының бірі – көпвекторлылық, бұл Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ және басқалар сияқты әртүрлі жаһандық ойыншылардың мүдделері арасындағы теңгерімді табуға, тәуекелдерді барынша азайтуға және пайданы барынша арттыруға мүмкіндік береді. Біздің стратегиялық әріптестерімізбен қарым-қатынасты тереңдету – тұрақтылықтың кепілі.

Қазақстанның стратегиялық мүддесі – аймақты тұрақтандыру, экономикалық байланыс пен қауіпсіздікті нығайту. Қазақстан түрлі платформалар арқылы аймақтық ынтымақтастық идеяларын белсенді түрде алға жылжытуда.


Оқи отырыңыз: Алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық – Тоқаев


"Сыртқы саясат пен тұрақты даму экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған стратегиялар арқылы өзара байланысты, бұл ішкі және халықаралық деңгейде маңызды екенін атап өткен жөн. Тұрақты дамуға ұмтылатын елдер осы салалардағы ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін сыртқы саясатының әртүрлі аспектілерін біріктіреді. Бұл жағынан Қазақстан да тыс қалған жоқ. Экология, климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік және цифрлық трансформация мәселелері маңызды сала болып қала береді", – деді Бекжан Садықов.

Оның айтуынша, Қазақстан орта держава және прагматикалық сыртқы саясаты бар мемлекет ретінде тұрақты дамуға мүдделі және халықаралық ұйымдар аясында серіктестермен белсенді ынтымақтасады, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күресуге, биоәртүрлілікті сақтауға, азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуге бағытталған т.б. жаһандық бастамаларға қатысады.  

Қазақстанның халықаралық алаңдарға атсалысуы елге су ресурстары, экология және көші-қонға қатысты мәселелерді шешуге, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Теңгені күшейту үшін алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз


"Біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыздың тағы бір маңызды тұсы мен пайдасы – таза технологияларды пайдалануға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау. Бұл инвестициялар тұрақты экономикаға көшуді жеделдетуге көмектеседі. Халықаралық аренадағы прагматикалық әрекеттердің арқасында еліміз 15,7 миллиард АҚШ долларын тарта алды, бұл Солтүстік және Орталық Азия аймағындағы ең жақсы нәтиже болды. Осылайша, біздің еліміз өзінің сыртқы саясатын жүзеге асыруда қалыптасқан көзқарасты ұстана отырып, орнықты дамуға тікелей әсер ететін саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді жалғастыруда", – деп түйіндеді сарапшы.

Серіктестер жаңалықтары