Тікелей эфир

Қоғамдық орындарда бетті бүркемелейтін киім киюге шектеу қою мәселесі қаралып жатыр

Сондай-ақ, "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" ұғымдары енгізілмек.

Қазақстанда діни саланы заңнамалық қамтамасыз ету бойынша қолға алынып жатқан шаралар қатарында бетті бүркемелейтін киім киюге шектеу енгізілуі мүмкін. Бұл жайлы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

"Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда "деструктивті діни ағым" және "діни радикализм" ұғымдарын енгізу; ... қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және тағы басқаларды жетілдіру бойынша жұмыс атқарылуда", – делінген үкімет басшысының жауабында.

Бұл мәселелер бойынша шешім әзірлеуге ҚМДБ мамандары, теологтар, сарапшылар қауымдастығы мен мүдделі мемлекеттік органдар мамандары тартылған.


Оқи отырыңыз: Оқушының мектепте орамал тағуы дұрыс па? ҚМДБ ресми мәлімдеме жасады


Үкімет басшысының жауабына сәйкес, интернет-кеңістікте жүйелі түрде діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Контентті анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Діни тақырыптағы құқыққа қайшы және резонанстық материалдарға ден қоюға көмектесетін "Кибернадзор" ақпараттық жүйесі жұмыс істейді", – делінген жауапта.

"Кибернадзор" жұмысы арқылы 97 мыңнан астам деструктивті сипаттағы сілтемелер бұғатталған. Қазақстандық қолданушылар үшін 248 материалға қолжетімділік бұғатталып, ал 2971 материал жойылған. 2023 жылдың басынан бері желілерде экстремистік материалдарды таратқаны үшін 70-ке жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары