Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда туған орамал мәселесін дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешуді ұсынды. Бұған дейін діни басқарма Оқу-ағарту министрлігіне өз ұсынысын бергенін хабарлаған болатын. Алайда, нақты қандай ұсыныс жасалғаны белгісіз болған.
"Мүфтият бұл мәселені өз құзыреті, дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешудің оңтайлы жолын ұсынды. Нақты айтқанда, тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсі ұсынылды. Осыған қатысты әлі де оң шешім қабылданар деген үміттеміз", – деп жазды ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы.
Діни басқарма өкілі, сондай-ақ "ҚМДБ Қағба туралы айтылған лас сөздерге жауап бермеді" деген айыптауларға да жауап берді. Ағабек Қонарбайұлының жазуынша, діни басқарма бұл адамды сотқа берген.
"ҚМДБ-мен қоса бірнеше азамат Қағба туралы ауыр сөз айтқан адамды сотқа берді. "Жүйелі сөз – жүйесін, жүйесіз сөз – иесін табады". Әр нәрсенің шегі болады. Сөздің де жауапкершілігі бар. Біздің ойымызша, шектен шыққандар мұны сезінуге тиіс", – деді ол.
Еске салайық, кеше ҚМДБ оқушы қыздардың мектепте орамал тағу мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Оқи отырыңыз: Оқушының мектепте орамал тағуы дұрыс па? ҚМДБ ресми мәлімдеме жасады
Одан кейін бұл мәселеге қатысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірді. Ол Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейтінін атап өтті.
"Мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", – деді Аида Балаева.