Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі 2025 жылғы қажылық маусымы үшін Қазақстанға 10 мың қажылық орнын ұсынды, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Қазақстандықтардың қажылық сапарын арнайы байқаудан өткен 15 туристік компания ұйымдастырады. Олардың тізімі төмендегі графикада берілген:
ҚМДБ мәліметінше, туроператорлар арасындағы байқауға 21 компания құжаттарын ұсынған. Алайда, олардың үшеуі лицензиясының болмауы және дұрыс еместігі үшін байқауға жіберілмесе, тағы үшеуінің тәжірибесі әлі 5 жылға толмағаны анықталған. Бұл байқау талаптарына қайшы.
"Туроператорлардан келген өтініштер мен талап етілген құжаттар ортаға салынып, әрқайсысы мұқият қаралды. Комиссия мүшелері жоғарыдағы ережеге сүйене отырып туроператорларды балдық жүйемен бағалады. Конкурстан өтіп, Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігіне қарасты қажылықтың электронды жүйесіне ресми тіркелетін 15 туроператор жинаған қажылары мен қаржылық мүмкіншілігіне қарай қажылық орындарын алады", – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін ҚМДБ 2025 жылы қазақстандық қажыларды Сауд Арабиясына тасымалдайтын әуе компаниялары арасында байқау жариялаған болатын. 2024 жылы қазақстандық 5081 мұсылман қажылық сапарға барды.
Оқи отырыңыз:
- Қажылық-2025: Қазақстандықтарды қандай әуе компаниялары тасымалдайды? ҚМДБ байқау жариялады
- Қажылық 2025: ҚМДБ қажылық орындарды алуға байқау жариялады