Тікелей эфир

Қазір доллар не бағасы құлдыраған акцияларды сатып алу тиімді ме?

Қаржы сарапшысы Жалғасбек Ақболат банк саласына инвестиция салмауға кеңес берді.

Отандық қаржыгер Жалғасбек Ақболат 31 арна эфирінде берген сұхбатында дәл қазіргі уақытта доллар сатып алудың тиімсіз стратегия екенін түсіндірді.

"Қаржылық сауаттылықтың "бар жұмыртқаңды бір себетке салма" деген алтын заңдылығы бар. Қаржы тілінде айтатын болсақ, активті әртараптандыру. Ақшаны бір ғана көзде сақтау қате және оның тәуекелі де жоғары. Сол себепті әрбір адамның өз қолында бар қаражатын әртүрлі салада сақтағаны дұрыс. Ол валюта, бағалы қағаз, депозит болуы мүмкін. Осылардың арасында баланс ұстау да маңызды", – деді Жалғасбек Ақболат.

Соңғы уақытта Ресей компанияларының күрт төмендеген акцияларын сатып алу туралы ұсыныстар көбейгені мәлім. Осы орайда қаржыгер оларды сатып алудың қаншалықты тиімді екенін айтты.


Оқи отырыңыз: 1 доллар – 495 теңге. Ресей-Украина қақтығысының Қазақстан экономикасына ықпалы қандай?


"Меніңше, қазіргі уақытта ақшаны долларға айырбастау кеш. Өйткені, баға белгілі бір шегіне дейін көтеріліп үлгерді. Алдағы уақытта теңге бағамы түседі деп болжанып отыр. Адамдар қазір доллар сатып алатын болса, қымбат бағаға ұрынады. Алда қазіргі межеден аз да болсын түсетіндіктен, мемлекет үшін де, жекелеген азаматтар үшін де долларға қызығу тиімсіз стратегия болмақ. Екіншіден, акцияны жеке компанияның саласына қарай алу керек. Бірақ, банк саласына жолауға кеңес бермеймін", – деп сақтандырды қаржыгер.

Айтуынша, банк саласында тәуекел жоғары.

Еске салсақ, Қазақстан құрылысшылар одағының үй бағасы 25-30 пайызға дейін артады деген болжам жасап отырғанын хабарлаған едік. 

Серіктестер жаңалықтары