
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі мен "QazExpoCentre-Pipe" ЖШС арасында мамандарды нысаналы даярлау және әлеуметтік серіктестік жөнінде келісімшарт жасалды.
Бұл маңызды қадам жергілікті магистральдық және желілік құбырларды монтаждау мамандығының студенттеріне болашақта кәсіби практикаларын өтуге, тәжірибе жинауға және жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді.
"QazExpoCentre-Pipe" ЖШС – Қазақстандағы құбыр өнімдерін өндіруші ірі компаниялардың бірі. Компания мұнай-газ саласы, өнеркәсіп, құрылыс және басқа да салалар үшін жоғары сапалы құбыр өнімдерін ұсынады. Оның негізгі қызметі – әртүрлі мақсаттағы құбырлар мен арматураларды жеткізу және монтаждау, сонымен қатар тұтынушыларға техникалық шешімдер мен кешенді қызметтер көрсету. Компанияның жоғары деңгейдегі кәсіби білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, студенттер өз дағдыларын жетілдіре алады.
Жергілікті магистральдық және желілік құбырларды монтаждау мамандығына сұраныс жоғары. Бұл салада кәсіби мамандарға қажеттілік артып келеді, себебі елімізде құбыр желілерін жаңарту және жаңадан құру бойынша көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда. Біздің студенттер осы саладағы өз орнын таба алады.
Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің түлектері биылғы жылы жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Колледж білікті мамандарды даярлау жолында үлкен жетістіктерге жетіп, әрбір түлекке еңбек нарығында өз орнын табу үшін барлық мүмкіндікті ұсынуда.