Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері Жұлдызбек Жұманбай "Астана ақшамы" басылымына берген сұхбатында қазақ театрларының деңгейі туралы жауап берді.
"Қазір қазақ театры дамымай жатыр демеймін. Жақсы спектакльдер қойылып, эксперименттер жасалып жатыр. Бірақ бір қоғамда өмір сүргеннен кейін кейде көңіл толмайтын жайттар болып жатады. Бұл әсіресе қазіргі заман технологияларына қатысты болады. Бізде жарық қоюшы, дыбыс қоюшы секілді сахна сыртындағы мамандар жетіңкіремейді", – деді ол.
Театр маманының сөзінше, орыс дүниесінде театр мәдениеті бірінші кезекке шығып кетті. Дегенмен, бұл – қазақ театрларының жолы емес.
"Мәселен, Мәскеуді "Театр Меккесі" деп көтеріп жіберді. ТМД-да Достоевский, Чехов, Гоголь секілді классиктерінің шығармалары қойылмайтын ел жоқ. "Орыс балеті", "Орыс психологиялық актерлік мектебі", "Станиславский жүйесі" деп атайды. Ал әу баста солардың көбі оларға Еуропадан келген. Меніңше, "Станиславский жүйесі" деп бір нәрсеге қатып қалуға болмайды. Өнер деген – қиял. Қиялға шектеу, өнерде ереже жоқ. Бәрі адамның сана деңгейіне байланысты. Ал театр – синтездік, жан-жақты өнер. Мәскеу классиктерін жақсы ұлықтап, театрларда әлі күнге дейін соларды қояды. Жай қоймай, тілін сақтайды. Өз басым классиктерін құрметтейтіндеріне қызығамын. Бізге осыны үйрену керек. Оларда эмоция, айғай – қанында бар нәрсе. Ал бізде "ұят болады" деген бір сөз бар. Қазақты қазақ қылып отырған – осы сөз. Мәскеудегі бір ұстазым оқуымды бітірерде "Ертең еліңе ораласың. Бірақ нені қойсаң да, өзінікін қой. Сенің ұлтың аз. Спектакльдеріңді өзіңнің салт-дәстүріне, өзіңнің ұлттық ерекшелігіне сай сахнала. Бізге еліктеме" деп айтты. Сол сөз үнемі есімде тұрады", – деді Жұлдызбек Жұманбай.
Оқи отырыңыз: 66 жылдан кейінгі қауышу: "Абай" операсы – Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында