Тікелей эфир

Қазақстанның солтүстігінде автогаз тапшылығы туындады

Солтүстік Қазақстанда газ құю бекеттері бір аптадан бері сұйытылған отынды тек талонмен сатып жатыр.

Солтүстік Қазақстанда екі аптадан бері автогаз тапшылығы байқалады. Станция иелері әр жүргізушіге 20 литрден артық құюға рұқсат бермейді. Соның салдарынан бірнеше күннен бері көлік иелері таңнан кешке дейін газ таппай сенделіп жүр. Әкімдіктегілер тапшылықты сұраныстың артуымен байланыстырады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Кейбір газ құю бекеттері жер жабық. Неше күн іздеп-іздеп, бүгін ғана тауып алдым. Көп жерде тек талонмен беріп жатыр", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Әділ Қайырденов.

Тұрғындардың айтуынша, автогаз жарты айдан бері еркін сатылымда жоқ. Облыс орталығы түгілі, елдімекендерде де тапшылық қатты сезіле бастаған.


Оқи отырыңыз: 1 шілдеден бастап газ бағасы өседі. Өңірлерде 1 литр сұйытылған газ бағасы қанша болады?


"Газды элеваторлар әкетіп жатқанына 2 апта болды. Жинаған егінді кептіру керек, сондықтан бәрін сонда жіберіп, қарапайым халыққа жетпей қалып жатыр", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Игнатов.

Әкімдіктегілер газ тапшылығына тасымалдың кешігуі мен сұраныстың артуы себеп деп отыр. Көгілдір отын аймаққа қажетті мөлшерде жетпей жатқан көрінеді. Оған қоса, Атырау мұнай өңдеу зауытының күрделі жөндеу жұмыстарына жабылғаны жығылғанға жұлдырық болды.

"Бізге ай сайын бес мың тоннадан артық газ жібереді. Қазір оның өзі жетпей жатқанын көріп тұрмыз. Шамамен қосымша тағы екі мың тоннадай көлемде газ қажет, өйткені жылыту маусымы басталды. Әрі элеваторлар да сұранысты арттырып отыр", – деді СҚО энергетика және түкш басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда сұйытылған газдың жаңа шекті көтерме сауда бағасы күшіне енді.


 

Серіктестер жаңалықтары