Қазақстанда барланған мұнай қорын қазіргідей өндіру жалғасатын болса, тек бірнеше онжылдыққа ғана жетуі мүмкін.
Бұл туралы мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов өзінің telegram арнасында хабарлады.
Ол "ҚазМұнайГаз" статистикасына назар аударды. Қазақстандағы мұнайдың қалған қоры қазіргі таңда 2 млрд 745 млн тоннаны құрайды. Бұл ел тәуелсіздік алғаннан бері өндірілген мұнай көлемінен әлдеқайда көп (2 млрд тонна).
Сонымен қатар қазіргі уақытта өндірілетін мұнайдың 80 пайызы "әйгілі үштік" кен орындарына — Теңіз, Қашаған, Қарашығанаққа тиесілі.
"Алдағы он жылда елдегі орташа мұнай өндіру көлемі жылына 105 млн тонна болуға тиіс. Шамамен, қазіргі мұнай қоры 25–30 жылға ғана жетеді", – деді Нұрлан Жұмағұлов.
Геологиялық зерттеу жұмыстарына жылдар бойы жеткілікті көңіл бөлінбегенін ескерсек, Қазақстанның басты үміті жаңа кен орындары болып тұр. Тайсойған, Қаратон Подсолевой, Каспий теңізіндегі Абай, Торғай Палеозой.