Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстанның мемлекеттік қарызының тұрақтылығы Үкіметтің бақылауында екенін айтты.
2024 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 30,5 трлн теңге (63,6 млрд АҚШ доллары) немесе жалпы ішкі өнімнің 22,6%-ына тең болған.
Олжас Бектенов мемлекеттік қарыз валюта тәуекелдерін төмендету, бюджетке қарыз қысымының өсуін шектеу, дефолттың алдын алу, сондай-ақ сыртқы қарыздарды тиімді басқару үшін қажет екенін атап өтті.
Дегенмен, мемлекеттік қарыздың тым шектен асып кетпеуі үшін арнайы шектеулер белгіленген. Мысалы, Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қарыз мөлшері жалпы ішкі өнімнің 32 пайызынан аспауы тиіс. Ал үкіметтік қарыз мөлшері жалпы ішкі өнімнің 27,5 пайызымен шектеледі. Жиынтық мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыз мөлшері жалпы ішкі өнімнің 53,2 пайызымен шектелген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның мемлекеттік қарызы шарықтау шегіне қаншалықты жақын?
Олжас Бектеновтің жауабында айтылғандай, халықаралық тәжірибеле мемлекеттік қарыздың қауіпсіз деңгейі жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызына тең.
"Мемлекеттік қаржылық тұрақтылығы оның жетекші рейтинг агенттіктері беретін жоғары кредиттік рейтингтерімен сипатталады. Бұл рейтингтер елдің өз қарыз міндеттемелерін орындау бойынша сенімділігін көрсетеді. Осылай, халықаралық қаржылық ұйымдардың сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік қарыз деңгейіне "жоғары емес" деген баға беріп отыр", – деп жауап берді үкімет басшысы.
Еске салайық, биылғы наурызда қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның мемлекеттік қарызы 27 трлн теңгені құрайтынын мәлімдеген болатын. Олжас Бектеновтың мәліметімен салыстырар болсақ, қарыз көлемі 6 айда 3,5 триллион теңгеге артқан.