Қазақстандықтардың "Ата-аналар мектебінде" оқуы міндетті болмақ

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Оқу-ағарту министрлігі жас отбасылардың қай кезеңдерде оқуы қажеттігін белгіледі.

Оқу-ағарту министрлігі "Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға" енгізілетін өзгертулерді қоғам талқысына ұсынды.  

Жоспарға сәйкес, ата-аналарға арналған курстарды қазақстандық отбасылар үшін міндетті ету мәселесі қарастырылады. Министрліктің ұсынысы бойынша, жастар некесін тіркеу алдында, жас отбасылар жүктілік кезеңінде және баланың дүниеге келуінің алдында, сондай-ақ, баланы балабақша мен мектепке берер алдында ата-аналарға арналған курстарға қатысуы керек. 

"Бұл ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға, бала тәрбиесін жақсартуға көмектеседі және әлеуметтік мәселелерді шешуде де маңызды. Баланы дүниеге әкелген кезде және балабақша мен мектепке қабылдау кезінде ата-аналарды оқыту балалардың білім беру ортасына бейімделуін және педагогтар мен медицина қызметкерлерімен өзара әрекеттесуін жақсартады", – делінген министрліктің түсіндірме жазбасында.

Сондай-ақ, ата-аналар мектебі әкелердің тәрбие процесіне араласуын арттыруға көмектеседі.

Еске салайық, осы кешенді жоспар аясында балаларға арналған Sim карталарды енгізу жоспарланып отыр. Оны іске асыру мерзімі ретінде 2025 жылғы сәуір көрсетілген. 


Оқи отырыңыз: Балаларға арналған Sim карталар сәуірге дейін енгізіледі. Оның ерекшелігі не


 

Серіктестер жаңалықтары