Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының мәліметінше, осы жылдың екінші тоқсанында бір ғана азамат орта есеппен 260 мың теңге азық-түлік пен тұтынушылық тауарға жұмсаған. Оның 240 мың теңгесі тұтынушылық шығынға кетсе, кемі 16 мың теңгесіне несие төлеген, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өздерінің күнделікті қажеттіліктері бойынша, әр өңірдің тұрғындары әрқалай шығындалады. Мәселен, Түркістан облысының тұрғындары азық-түлікке көп ақша жұмсайды. Осы өңірдегі азаматтардың шығынының 61%-ы азық-түлікке кетсе, маңғыстаулықтар азық-түлікке табыстың 60%-ын жұмсаған.
Оқи отырыңыз: Елімізде 1,5 жылдан бері алғаш рет азық-түлік бағасы арзандады.
Астана қаласының тұрғындары сырттан тамақтануға үш айда кемінде 14 мың теңге жұмсайды екен. Алматы қаласында бұл көрсеткіш 41 пайызға төмен. Есесіне мегаполис тұрғындары киім-кешек көп сатып алады. Алып шаһардағы бір ғана азамат орта есеппен 28 мың теңгеге киім алатын болса, Шымкент тұрғындары бұл үшін 26 мың теңгеден аса ақша жұмсайды.