Соңғы бір жылда ішкі туризмнің өсуі бәсеңдеген, атап айтқанда 24,6% құрады, деп хабарлады energyprom.kz.
Ұлттық статистика бюросының соңғы бес жылдағы мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстанға 8,5 миллионнан астам турист, ал былтыр 4,7 млн қонақ келген.
"2022 жылы келген туристтің 6,4 миллионы қонақүйде, 1,8 млн-ы қорықтарға, қорықшаларға және басқа да ерекше қорғалатын аумақтарға, 378 мың азамат санаторийлерге барған. 934 мыңнан сәл астам азамат сапарлары кезінде жалдамалы пәтерлерде тұрды. Отандық туристердің 48,9 пайызы туыстары мен жақындарына қонаққа барса, 5,9%-ы іссапарға барса, 8,4%-ы сауда жасау мақсатымен сапарлаған. Демалысқа, санаторий не курортқа барғандардың үлесі 33,2% ғана болып шықты", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауы, Бурабай, Көлсай. Қазақстанда туристер ең көп баратын 5 мекен
Өткен жазда халықаралық Picodi.com компаниясының мамандары қазақстандықтардың демалысы туралы қызықты зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, қазақстандықтардың 69%-ы шетелде, яғни, Түркия, Ресей, Египет, БАӘ, Таиландта жиі демалады. Ал Қазақстанда демалатындары Алматыға, Астанаға, Алакөл көліне немесе Бурабай курорттарына жиі барады. Сауалнамаға қатысқандардың 16 пайызы демалысты ауылдағы немесе басқа қаладағы туыстарының үйінде өткізген.
Ішкі туризмнің кемшіліктері туралы респонденттер бірнеше нұсқаны атаған.
"Оның ішінде 62 пайызы қызметтер бағасы мен олардың сапасы арасындағы сәйкессіздігін, жағымсыз фактор ретінде жолдың нашарлығы, жиіркенішті қоғамдық дәретханалар мен қызмет көрсету сапасының төмендігін жазған" делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға туристер қай елдерден көп келеді?
Былтыр қазақстандықтар басқа елге баруға 225,2 млрд теңге жұмсаған. Шығындар өткен жылмен салыстырғанда 42,9% көбейген. Бұл қонақүйлерде тұру (65,2% көбейген), рейстер, трансферлер және турлар (30,6% көбейген), тамақ (46,5% көбейген) құнының өсуіне байланысты болып отыр.
Ал Қазақстан ішіндегі сапарларға 419,1 млрд теңге ақша жұмсап, оның 116,7 млрд теңгесіне сауда жасаған.