Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандықтардың арасында ең көп сұранысқа ие 5 спорт үйірмесін атады.
5-орын: Үстел теннисі
Үстел тенисі – жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарамастан, жалпыға бірдей қолжетімді спорт түрі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 8 мыңға жуық үстел тенисінің үйірмесі жұмыс істейді. 242 мыңнан астам адам аталған спорт түрімен айналысады.
4-орын: Жеңіл атлетика
Тарихы ерте заманнан бастау алатын жеңіл атлетика әлі күнге дейін танымалдылыққа ие спорт түрі саналады. Қазақстанда жеңіл атлетикамен 384 мыңға жуық адам шұғылданады. Оларға арналған 7380 үйірме бар.
Оқи отырыңыз:
- "Дене шынықтыру" міндетті пәндер тізімінен жойыла ма?
- "Садақ ату да – физика". Қазақстанда сұрмергендер қалай дайындалады?
3-орын: Баскетбол
"Қазақстанда командалық спорт түрлеріне қызығушылық өте жоғары", – деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, 562 мыңға жуық қазақстандық баскетболмен айналысады. Ойынның қыр-сырын үйрететін 11738 үйірме бар.
2-орын: Волейбол
Волейболмен Қазақстанда 766 мың адам айналысады. Қазақстанның барлық өңірінде жасөспірімдер мен ересектерге арналған 16 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.
1-орын: Футбол
Қазақстандағы ең көп қатысушысы бар үйірме – футбол. 1 млн 63 мыңға жуық қазақстандық футбол ойнайды. Олардың қатарында аталған спортпен кәсіби түрде айналысатын қыз-жігіттер де бар. Олар үшін 17 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.
Сонымен қатар бокс, дзюдо, еркін күреске қызығатындардың қатары да көп. Мәселен, бокс үйірмелеріне 126 мыңға жуық адам қатысады. Ал дзюдомен 133 мыңға жуық спортшы айналысса, 116 мыңға жуық адам еркін күреспен шұғылданады.