Алматы онкологиялық орталығы мамандары қала тұрғындарын онкоскринингтерге немқұрайлы қарамай, тексеруден уақтылы өтуге шақырады.
Орталық дәрігері Рүстем Ирсалиевтің айтуынша, онкологиялық дерттен болатын өлім-жітім жағынан бірінші орында – тоқ ішек обыры (колоректалды обыр), екінші – өкпе обыры, үшінші – асқазан обыры, төртінші орында сүт безі ісігі тұр. Оған қауіпті аурудың көпке дейін ешқандай белгі бермеуі себеп. Мысалы, колоректалды обырға шалдыққан адамның іші ауырып, үлкен дәретінде қан дақтары пайда болады және іші біресе өтіп, біресе қатып қиналуы мүмкін.
"Ауруы асқынып кеткен науқас анемияға шалдығып, салмағы төмендейді. Көбіне бізде ауру үшінші не төртінші сатыда, яғни сырқат белгі бере бастаған кезде анықталып жатады. Себебі науқастар онкологиялық скринингтерден өтпейді. Өкпе обырын да ерте анықтау қиын, өйткені ол да көпке дейін ешбір белгі бермейді. Оның үстіне, өкпе ісігі тез өршіп, метастаза береді. Оның негізгі себебі – темекі. Шылым шекпесеңіз де, басқалар тартқан темекінің түтіні денсаулығыңызға қауіпті", – дейді Рүстем Ирсалиев.
Оқи отырыңыз: Қай жаста және қандай аурулар бойынша тегін скринингтен өтуге болады?
Рүстем Ирсалиевтің сөзінше, қазір сүт безі обыры 15 пен 40 жас аралығындағы қыздар мен келіншектер арасында да жиі кездеседі.
"Жалпы обыр бір мезетте пайда болатын ауру емес. Оны ерте анықтау үшін маманға жүгіну қажет. Дер шағында анықталса науқастардың 97-99 пайызы толық жазылып кетуі мүмкін. Үшінші сатыда анықталған обырдан аман қалу мүмкіндігі ісіктің түрі мен құрылымына байланысты – 60-70%. Төртінші сатыдағы обырды емдеп жазу қиын. Сондықтан дәрігерге қаралып, скринингтерден өтіп тұруға шақырамын", – дейді маман.
Оқи отырыңыз: Әйелдердегі онкологиялық аурулардан сүт безі қатерлі ісігі, мойын және жатыр обыры көш бастап тұр
Еске сала кетсек, қатерлі ісікке тексеру 30-40 жастан басталады және МӘМС пакеті шеңберінде жүргізіледі. Тіркелген емхана арқылы скринингтен өтуге болады.