
Қазақстанның Ұлттық музейінде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 2023 жылы президент жарлығымен тағайындалып, отандық әдебиет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл – мемлекет басшысының мәдениет саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған бастамаларының бірі. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу", – деді Аида Балаева.
Министр халқымыздың негізгі құндылықтарын насихаттау – әдебиет қайраткерлеріне жүктелер ауыр әрі мәртебелі міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ақын-жазушылар қоғамның моральдық бағыт-бағдарын айқындайтын рухани көшбасшылар екеніне тоқталды.

Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы:
- "Проза" номинациясы бойынша "2026" шығармасы үшін Есбол Социалханға;
- "Поэзия" номинациясы бойынша "Боз ұшқат" өлеңдер жинағы үшін Жәнібек Әлимановқа;
- "Драматургия" номинациясы бойынша "Апатай" драмалық туындысы үшін Әлишер Айтуарға;
- "Балалар әдебиеті" номинациясы бойынша "Рокет Ера" повесі үшін Әсет Сыздықовқа берілді.
Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер бұрын халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындыларымен қатысты.

Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушуылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында "Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы" жобасымен жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті.