Тікелей эфир

Қазақстандық ата-аналар балабақшаларда Face ID жүйесін қолдануға қарсы петиция жариялады

Петицияға 200-ге жуық адам қол қойған.

Қазақстандық ата-аналар балабақшаларда Face ID жүйесін қолдануға қарсы петиция жариялады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өйткені олар балаларының биометриялық дерегі интернет желісі арқылы алаяқтардың қолына түсе ме деп қорқады. Сондықтан аталмыш жүйені тоқтатуды талап етіп отыр.

Балабақшалардағы Face ID жүйесі былтырдан бері пилоттық режимде еліміздің төрт өңірінде жұмыс істеп тұр. Сканерлеу жүйесі енгізілген бөбекжайларда тәрбиешілер әр баланы смартфонға суретке түсіріп, оны арнайы бағдарламаға жүктейді. Бұл балалардың балабақшаға келгенін растап, жалған ақпарат беруге мүмкіндік бермейді екен.

Алайда ата-аналар биометриялық дерек жинауды дереу тоқтату керек дейді. Өйткені олар балаларының суреттері арқылы жеке басы анықталып, интернет алаяқтардың қолына түсе ме деп алаңдайды.

"Жазылған келісімшартты оқыдым, біз сіздердің берген ақпараттарыңызға жауапкершілік алмаймыз дейді. Балаларды жіберген кезде 1 емес 2-3 рет түсіреді екен. Ол суреттер акиматтың базасына кетеді екен. Әкімдіктен ол жерден қаралады. Бірақ ол жақтан кім қарайды оны біз білмейді екенбіз. Шыныменде казіргі цифрлық заманда балалардың суреттерін әр жерден алады, соцсетида онсызда суреттері көп балалардың. Ал мынандай құжатқа түсетін суретті көптеген жерге қолдануға болады деп ойлаймын", – деді Алматы қаласының тұрғыны Гүлшат Кенжеболатова.

Сонымен қатар өңірлердегі тегін шығармашылық және спорттық үйірмелерге де дәл осы FACE ID жүйесі енгізілген. Ондағы ата-аналар да бұған қарсы.

Ал заңгер Камшат Шынтекова балалардың биометриялық дерегін сертификатталған құрылғымен емес, ұялы телефон арқылы түсіріп жіберу заңға қайшы деп отыр. Оның үстіне бұл айлакерлердің жұмысын жеңілдетеді дейді.

"Біздің ҰҚК қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде сәл салғырттау десем қате болмайды. Сол себепті бұл мәліметтер болашақта біреудің қолына кетіп қалса да ертеңгі күні балаға қиянат болуы мүмкін. Ересектер мен балаларды салыстыруға келмейді. Бұл мемлекетіміз үшін сәл ертерек", – деді заңгер Кәмшат Шынтекова.

Бүгінде ата-аналар арнайы петиция жариялады. Оған 200-ге жуық адам қол қойыпты.

Серіктестер жаңалықтары