БҒМ баспасөз қызметі қазақстандық 40 оқушының Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болғанын хабарлады. Ұлттық құрамасының қоржынында 5 алтын, 13 күміс және 22 қола медаль бар.
Зияткерлік сайысқа әлемнің 38 елінен жүздеген мектеп оқушысы қатысты. Олардың қатарында Жапония, Аустралия, Канада, Сингапур, АҚШ, Аргентина, Гонконг, Индонезия, Малайзия, Мексика, Катар, Корея, Түркия және басқа елдер бар.
"Биыл халықаралық олимпиада офлайн форматта өтті. Қазақстан атынан еліміздің түкпір-түкпірінен 131 оқушы қатысты. Биыл біздің оқушылар үздік нәтиже көрсеткенін айта кеткен жөн. Мысалы, былтыр қазақстандық оқушылар 3 алтын алса, биыл олардың саны 5-ке жетті. Азия-Тынық мұхиты елдерінің математикалық олимпиадасындағы жеңісі оқушыларымызға ұлттық құрама қатарына қосылып, IMO-да республика намысын қорғауға мүмкіндік береді", – деді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Алматы әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер беріледі