Қазақстанда жолаушылар вагондарының саны 2 151-ге тең. Вагондардың орташа жасы 17 жыл болса, вагондар паркінің орташа тозуы – 42,8%. Жеке тасымалдаушылар паркі 506 вагоннан тұратын болса, оның 75 пайызы – 20 жылдан ескі вагондар. Бұл туралы Қазақстан Республикасының теміржол көлігін дамытудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасының жобасынан белгілі болды.
Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланған.
Бағдарлама мәліметіне сәйкес, Қазақстанда локомотивтер паркінде 1 778 транспорт бар болса, оның ішінде 1 151 тепловоз және 527 электровоз бар. Локомотивтердің 96 пайызы "Қазақстан Темір Жолына" тиесілі болса, 4 пайызы жеке меншіктің үлесінде.
"Соңғы үш жылда "ҚТЖ" ҰК" АҚ 267 локомотив, оның ішінде 2023 жылы 113 локомотив сатып алды. "ҚТЖ" ҰК" АҚ жаңа локомотивтерді сатып алуы есебінен тозу деңгейі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 68%-дан 2023 жылдың соңына қарай 52%-ға дейін төмендеді", – делінген құжат жобасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстан 537 Stadler жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отыр
Бағдарлама жобасынан белгілі болғандай, Қазақстанда вагондармен жұмыс істеу және жылжымалы құрамды жалға беру нарығында шамамен 300 вагон иесі жұмыс істейді. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 136 мыңға жуық жүк вагоны тіркелген, оның шамамен 33%-ы (немесе 45 мыңға жуығы) "ҚТЖ" ҰК" АҚ компаниялар тобына тиесілі. Вагон паркінің негізгі үлесін 57,5 мың бірлік (немесе 40%) жартылай вагондар құрайды, олардың орташа жасы – 7 жыл.