Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бойынша 2023 жылғы негізгі көрсеткіштерді жариялады.
2024 жылғы 1 қаңтарда БЗЖҚ салымшыларының шотында 17,9 триллион теңге жиналды. 2023 жылы жинақ сомасы 3,2 трлн теңгеге немесе 21,8%-ға ұлғайды. Қорда салымшылардың 12,3 млн шоты бар.
Зейнет жасына толуына берілетін орташа айлық төлем сомасы – 32 202 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 742 692 теңге.
"2023 жылы салымшылардың шоттарына шамамен 2,2 трлн теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Ол былтырғы көрсеткіштен 434,6 млрд теңгеге немесе 25,2% артық. Жарналардың жалпы көлемінің 95,5%-ы міндетті зейнетақы жарналары есебінен түскен. Олардың мөлшері – 2,1 трлн теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен 95,5 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Ал ерікті зейнетақы жарналарының 2,3 млрд теңгеге тең", – делінген БЗЖҚ хабарламасында.
БЗЖҚ мәліметінше, зейнетақы жинақтарының өсуіне таза инвестициялық кіріс те әсер еткен. 2023 жылы оның сомасы шамамен 1,6 трлн теңгені құраған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7%-ға артық.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы қазақстандықтар орташа есеппен қанша зейнетақы алады?
2023 жылы БЖЗҚ салымшыларына 591,3 млрд теңге төледі:
- тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдері – 284 млрд теңге;
- жасына байланысты төлемдер – 150,6 млрд теңге;
- сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 54 млрд теңге;
- мұрагерлік бойынша төлемдер – 52,6 млрд теңге;
- Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 39,8 млрд теңге;
- жерлеуге берілетін төлемдер – 7,5 млрд теңге;
- мүгедектік бойынша төлемдер – 2,8 млрд теңге.