Тікелей эфир

Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық адам қызмет барысында көз жұмады

Тағы мыңға жуық адам мүгедектікке ұшырайды.

Үкімет басшысының орынбасары әрі халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын еңбек міндеттерін атқару кезінде 900-ден астам адам мүгедектікке ұшыраса, 200-ге жуық қызметкер қайтыс болады. Олардың көпшілігінің асырауында отбасы мүшелері қалады. Бұл туралы ол Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

Министрдің түсіндіруінше, жұмыс барысында жазатайым оқиғаға ұшыраған адамдар мен олардың отбасыларын қолдау Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Оған сәйкес, келесі төлем түрлері көзделген:

  • Бірінші деңгей. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар.
  • Екінші деңгей. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем.
  • Үшінші деңгей. Кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда зиянды өтеу жөніндегі сақтандыру төлемдері, сондай-ақ өмірді сақтандыру компанияларынан қызметкердің денсаулығының зақымдануынан туындаған қосымша шығыстар.

Оқи отырыңыз: "Мүмкіндігіміздің шексіз екенін дәлелдедік". Мүгедек жандар қалай қоғамды өзгертіп жатыр?


"Қызметкердің жазатайым оқиға салдарынан жоғалтқан табысы, сондай-ақ қызметкердің денсаулығына зиян келтіруден туындаған қосымша шығыстар (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрі-дәрмек сатып алуға, протездеуге, бөгде адамдардың күтіміне, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға, басқа мамандыққа даярлауға және т.б.) өтелуге жатады", – делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.

Серіктестер жаңалықтары