"Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы" қоғамдық бірлестігі оқуды 25 шілдеде Ақтау қаласынан бастады. Ал 26 шілдеде Көкшетау, 27 шілдеде Алматы, 31 шілдеде Орал мен Петропавл қалалары оқу процесіне қосылды.
Оқыту курстарының басты мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру және тұтынушылардың заңды құқықтары бойынша оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу болып табылады. Бұл жоба Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып отыр.
"Айта кететін жайт, оқыту мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүргізіледі және нәтижесінде ұйымдастырушылар 500-ден кем емес адамды оқытып, олардың 50 пайызы, яғни, тең жартысы азаматтарға кеңес беру арқылы алған білімдерін іс-тәжірибе жүзінде қолдана алады деп жоспарлап отыр, сонымен қатар потенциалды 2 мыңнан астам адам кеңес алып, кем дегенде 20 адам Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау аумақтық департаменттерінде тәжірибеден өте алады", – деді "Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Талғат Тынбаев.
Ақтау қаласындағы тренер Маңғыстау облысы бойынша заң кеңесшілері палатасының мүшесі, заңгер, кәсіби медиатор Никар Рафикова болды. Сонымен қатар, Ақтау қаласы әкімінің бюджет және шағын кәсіпкерлік жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің мүшесі. Көкшетау қаласындағы жаттықтырушы тренер Алтынай Байғожина – Ақмола облысы заң кеңесшілері палатасының мүшесі. Алматы қаласында қатысушыларды "Құқықтық қорғау және заңгерлік қызмет көрсету орталығы" заң кеңесшілері палатасы төрағасының орынбасары Ғабит Өмірбеков оқытты.
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында көп жылдық тәжірибесі бар маман ретінде бұл мәселелер бойынша тренингтер мен семинарлар жеткіліксіз деп есептеймін. Мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының бағдарламаларында бұл мәселелерді зерттеуге уақыт бөлінбейді. Басқа да құқықтық мәселелер, егер қарастырылса да, әдетте тарих немесе география мұғалімдері сабақ береді", – деді Никар Рафикова.
Орал қаласында экономика ғылымдары магистрі Жанат Тілесова сабақ береді.
Ал Петропавлда оқушылармен Астана қаласындағы заң кеңесшілері палатасының мүшесі Әсел Құсайынова жұмыс істеді.
"Қатысушыларға курс ұнап жатыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы дауларды сотқа дейінгі реттеу туралы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, көптеген қатысушыларды интернет-дүкендер арқылы тауар сатып алу кезінде туындайтын мәселелер мен даулар мазалайды", – деді Оралда сабақ беретін жаттықтырушы Жанат Тілесова.
Оқу бағдарламасын әзірлеушілері Серік Беркамалов – "Қазақстан заңгерлер одағы" РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы, Талғат Тынбаев – тарих ғылымдарының магистрі, заң ғылымдарының бакалавры, "Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің қызметкері және Азамат Жансейітов – экономика ғылымдарының магистрі.
Тренингке 18 жастан асқан кез келген Қазақстан Республикасының азаматы өтініш беріп, қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік шиеленіс деңгейі төмендейді деп үміттенеміз. Білім алғандар ҚР қолданыстағы заңнамасы және оны тәжірибеде қолдану әдістері туралы білім алады, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау тақырыбында жазылған отандық және шетелдік авторлардың оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етіледі. Әр өңірде өтетін оқыту курстарына кіретін тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша сабақтардың толық циклы 32 сағатты құрайды.