Тікелей эфир

Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарының паркі жаңарады

Бұл ретте 2014 жылға дейін өндірілген газ баллондарын елге әкелуге тыйым салынуы мүмкін.

Қазақстан аумағында тұрмыстық газ баллондарын өндіру мен кәдеге жаратуды ұйымдастыру жөніндегі 2025-2028 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарының жобасы әзірленді. Оған сәйкес, елде тұрмыстық газ баллондарының паркі жаңарту көзделіп отыр. Бұл ретте елдегі газ баллондарын міндетті таңбалау процесі жүргізілмек.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жоспары бойынша, 2014 жылға дейін өндірілген тұрмыстық газ баллондарының экспорты мен импортына тыйым салынбақ. Бұл ретте елге газ баллондарын бірыңғай жеткізуші болып "Қазақстан инжиниринг" компаниясы бекітіледі.

Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Қазақстанда қолданылатын газ баллондарының жарамдылық мерзімін 30 жылдан 20 жылға дейін қысқартуды ұсынған болатын.

Комитет мәліметінше, Қазақстанда 1970-80 жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан газ баллондарының саны 348 мыңға жуық. Олардың жарамдылық мерзімі 30 жылдық межеден әлдеқашан асып кеткен.  

2018-2022 жылдар аралығында баллондардың жарылуы мен газ-ауа қоспасының жарылуының 346 жағдайы болды, 522 адам зардап шекті, оның 97-сі қайтыс болды. Тек 2023 жылы 167 адам жарақат алып, 21 адам қайтыс болған. Бұл жағдайлар қоғамдық резонанс тудырады, өйткені төтенше жағдайлар құрбандары – балалар мен тұрмысы төмен азаматтар.


Оқи отырыңыз: 


 

Серіктестер жаңалықтары