
Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстан 2024 жылы 7,2 млрд тал темекі өнімін импорттағанын хабарлады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есе аз (13,7 млрд тал).
Ал 2022 жылғы импорт көлемі 19,9 миллиардты құраған. Сәйкесінше, бұл Қазақстан темекі импортын азайту бағытында тиімді жұмыс істеп келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен, Олжас Бектеновтің түсіндіруінше, биылғы импорт көрсеткішінің төмендеуіне негізгі бірнеше себеп бар. Ол біріншіден, Ресейге салынған санкцияларға байланысты трансұлттық темекі компанияларының Ресей нарығынан кетуі болса, екіншіден Қазақстандағы "Филип Моррис Қазақстан", "JTI Қазақстан" сынды темекі компанияларының Қазақстандағы өндіріс көлемін арттыруымен байланысты.
Сәйкесінше, 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен темекі өнімдерін импорттау акцизінен түсетін қаржы 22,1 млрд теңгеге (36,1%) азайып, 39,1 млрд теңгені құрады (2023 жылғы көрсеткіш – 61,3 млрд теңге).
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес конвенциясының талаптарын сақтау мақсатында темекі компаниялары өндірісті орта есеппен 4 пайызға қысқартуда. Оған қоса, бүкіл әлем бойынша темекі тұтыну көлемінің азаюы байқалып отыр", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз:
- Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?
- Темекі түтінінсіз болашақ: Оған 2030 жылға қарай қол жеткізу қаншалықты мүмкін?