Тікелей эфир

Қазақстанда су тасқыны: 701 үй толығымен қираған

Қазірдің өзінде 33 отбасы қираған баспананың орнына басқа баспана мен пәтер алды.

Қазірдің өзінде су тасқынынан зардап шеккен 5 803 қазақстандық отбасы 100 АЕК немесе 369 200 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алды. Бұл туралы үкімет хабарлады.

Бүгінде арнайы құрылған өңірлік комиссияларға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарынан 13 577 өтініш келіп түскен. 

5 803 отбасы 100 АЕК немесе 369 200 теңге көлемінде жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам біржолғы төлем алды. 877 отбасыға келтірілген материалдық шығын үшін жалпы сомасы 380 млн теңге өтемақы төленді. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 38,9 млн теңгеге жетті. 

"Осы жылдың 18 сәуіріндегі жағдай бойынша, зардап шеккен өңірлерде 2602 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1499-ына бағалау жүргізілді. Нәтижесінде 794 үй жөндеуге келетіні, 701 баспананың қалпына келтіруге жарамсыз екені анықталды. Қазіргі уақытта 197 отбасыға баспаналарын жөндеу үшін жалпы сомасы 218,6 млн теңге өтемақы төленді. 33 отбасыға қираған үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді", – деп жазылған хабарламада.

Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тұрғын үйлердің құрылысы басталды. 


Оқи отырыңыз: ІІМ су тасқыны кезінде адамдардың жоғалу және қаза табу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады


Бағалау және залалды өтеу бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. ҚР Президенті атап өткендей, барлық зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. 

"Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының эвакуацияланған тұрғындарымен кездесуінде. 

Серіктестер жаңалықтары