Соңғы жылдары Қазақстанның автомобиль нарығында қытай автомобиль брендтерінің саны артып келеді. Бұған негізінен Ресей автомобиль зауыттарында шығарылған еуропалық және жапон брендінің жабдықтарын жеткізу тоқтатылғанымен байланысты, деп хабарлады Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігі.
Қазір Қазақстанның жеңіл көлік нарығында қытайдың Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour және FAW брендінің 38 маркалы көлігі бар. Оның ішінде біреуі седан, үшеуі пикап, қалған көпшілігі – кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер.
2023 жылғы сәуір айындағы жағдай бойынша, қытай көліктерінің орташа бағасы – 14,8 млн теңге болды. Ең қолжетімді модель – 8,4 млн теңге, ең қымбатының бастапқы бағасы – 29,9 млн теңге.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Қытайға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады
Алдын ала болжам бойынша, жыл соңына қарай Қазақстандағы жаңа автокөліктердің жалпы сатылымындағы қытайлық брендтердің үлесі 15 пайызға жетуі мүмкін. Былтыр ол 9,5 пайыз болған еді. Бұл модельдер ауқымының кеңеюіне, сондай-ақ еуропалық және жапон көліктерін жеткізудің қысқаруына байланысты.
Айта кетейік, 2015 жылдан бастап Қостанайда JAC автомобильдерінің SKD өндірісі басталды. Былтырғы жылдың күзінде Алматыда Қытайдың үш маркалы көліктерін шығаратын автокөлік зауытының құрылысы басталды. Биыл наурыз айында Қостанайда Jetour маркалы автокөліктер шығарылатыны туралы ақпарат тарады.