Тікелей эфир

Қазақстанда қос дипломды білім беру грантының құны 2,5 млн теңгеге артады

2025 жылға дейін Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу жоспарланған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстанда қос дипломды білім беруге арналған білім беру грантының құнын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.

Оның аясында Аризона университеті өз филиалын ашуына байланысты Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қос дипломды білім алуға арналған грант құны 920 мың теңгеден 2,5 миллион теңгеге жоғарылайды. Бұл – Қазақстандағы білім гранты бағасының ең жоғары мөлшерінің бірі. 

Еске салайық, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек таяуда Қазақстанда гранттың орташа сомасы 1 миллион теңге шамасында екенін және бұл қаражат сапалы білім беруге аздық ететінін айтқан болатын. Соған орай, министрлік Қазақстанда білім беру гранттарының құнын кезең-кезеңмен арттыруды жоспарлап отыр.


Оқи отырыңыз: 


Айта кетейік, аталған гранттар Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қос дипломды білім алуға арналған. Грант саны – 1500. Сәйкесінше, грант құнын арттыруға шамамен қосымша 2,4 млрд теңге қажет.

"ҚР Ғылым және жоғары министрінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 5 бұйрығымен қос дипломды білім берудің әдістемесі айқындалды. Қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру грантының құны 2,5 млн теңгені құрады", – делінген қаулының түсіндірме жазбасында. 

Құжат жобасы 10 наурызға дейін онлайн форматта талқыланады. 

Серіктестер жаңалықтары