Тікелей эфир

Қазақстанда қоғамдық көлікпен жүргендерге кэшбек берілуі мүмкін

Бұл халықты жеке көліктен гөрі қоғамдық көлікпен көбірек жүруге ынталандыру мақсатында жасалмақ.

Қазақстанда қоғамдық көлік қызметін пайдаланғандарға кэшбек немесе өзге де бонустар төленуі мүмкін. Сондай-ақ, қайта кәдеге жарайтын заттарды экобокстарға өткізгендерге де коммуналдық төлем не жолақы қызметін төлеу үшін бонус түріндегі ақы төленбек. Бұл үшін елді мекендерде адам көп жиналатын орындарға мұндай экобокстарды көбірек орнату жоспарланып отыр. 

Осы және өзге де ұсыныстар "Халық санасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында" жазылған. Бұл құжат жобасы Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылау үшін жарияланды. 


Оқи отырыңыз: Алматыда жолақы 120 теңгеге дейін қымбаттайды


Құжат жобасында жазылғандай, Қазақстанда жыл сайын 6 мыңнан астам адамның өліміне ауа сапасының нашарлығы басты себеп болады. Ал ауа құрамындағы зиянды бөлшектердің негізгі көзі – көмірмен жылытылатын үйлер (ғимараттар) мен көліктердің түтіні. 

"Үй шаруашылықтарының иелігіндегі көліктің ең көп таралған түрі - жеңіл автомобиль, барлық көлік түрлерінің ішінде оның үлесі 96,2 %-ды құрайды. Елдегі жеңіл автомобильдердің орташа жасы – 14 жыл, ал жүк көліктерінікі – 23 жыл. Ескірген автомобильдердің көбінің энергиялық тиімділігі төмен болғандықтан және зиянды заттардың, соның ішінде парниктік газдардың шығарындыларын көп бөлетініне байланысты қоршаған ортаға сөзсіз кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, Алматыда, барлық шығарындылардың 90% көзі көлік секторы болып табылады; көлік құралдарының түрлері бойынша шығарындылар былайша бөлінеді: 1% электр көлігі, 77% автомобильдер, 22% автобустар", – делінген құжат жобасында.

Серіктестер жаңалықтары