
Батыс Қазақстан облысында Life is good Hermes Management Ltd қаржылық пирамидасын ұйымдастырушыға үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚМА.
ҚМА мәліметінше, айыпталушының әлеуметтік желілерде өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, азаматтарға 1 100 евро мөлшерінде қолма-қол ақша инвестициялау арқылы пәтер сатып алуға ақша жинау мүмкіндігін ұсынғаны анықталды.
"Инвестицияланған сомадан жыл сайын 20%-дан астам табыс пен 10 жыл ішінде пәтер сатып алу ұсынылған. Инвестицияның ең кіші көлемі 1 100 евроны құрап, пирамиданың виртуалды шотына қолма-қол ақша салу арқылы жылдық 20%-дан астам табыс алу және кейінгі 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы пәтер сатып алу ұсынылған. Сонымен қатар, азаматтарға жаңа салымшыларды тартқан болса пассивті табыс алу мүмкіндігі ұсынылып, әрбір тартылған жарнадан 2%-дан 18%-ға дейін табыс алу уәде етілген", – делінген хабарламда.
Нәтижесінде пирамиданың іс-әрекетіне айыпталушы 42 адамды тартып, 56 млн теңгеден астам шығын келтірген.
"Қылмыстық іс аясында жүргізілген Follow the money принципі бойынша қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған ақшалай қаражатқа айыпталушы астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінен 85 млн теңгеге пәтер сатып алғаны анықталды. Кейіннен пәтерді тәркілеуден жасыру мақсатында, сенімді тұлғаға рәсімделген. Сот үкімімен ол ҚК 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (қаржылық пирамида құру және оған жетекшілік ету) және ҚК 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер азаматтық талап-арыздар бойынша келтірілген зиянды өтеуге жұмсалды", – делінген ҚМА хабарламасында.