Тікелей эфир

Қазақстанда подкаст туралы алғашқы кітап жарық көрді

Кітапта Қазақстандағы подкаст саласының дамуы мен болашағы, подкаст тақырыптары мен форматтары, тыңдаушылар қызығушылығы сынды сұрақтар қамтылған.

Тәжірибелі подкастерлер Бақытгүл Салыхова мен Әйнел Әмірхан оқырманға Alqa Publishing баспа үйімен бірлесе шығарған подкаст саласы туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітапты ұсынды. Кітап "Атың шықпаса, подкаст жаса: пайдалы подкаст жасау шеберханасы" деп аталады. 

"Подкаст дүние жүзінде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазақстан да бұл көштен қалып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы бірнеше жыл подкастерлердің қатары артып келеді. Бірақ өзім подкаст саласына 2019 жылы келгенде ақпаратты тірнектеп жинауға тура келгені есімде. Кітаптар да тек ағылшын, орыс тілдерінде болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, әрі салаға келіп жатқан мамандарға, қызығушылық танытқан адамдарға пайдалы болсын деген ниетпен Бақытгүл екеуімізде осы кітапты жазу идеясы туындады", – дейді Әйнел Әмірхан, кітап авторларының бірі, OY-DETOX подкастының жүргізушісі.

Кітап тұсаукесері / Фото: Әйнел Әмірхан

Кітап жазу барысында авторлар "подкаст" сөзімен подкаст емес нәрселерді атау проблемасына кезіккен.

"Сұхбат, әңгіме форматындағы көптеген YouTube жобаларды подкаст деп атау сәнге айналды. Бірақ олар арнайы подкаст платформаларында аудио форматында жарияланбағандықтан, подкаст бола алмайды. Жаңа сөздерге, терминдерге мұқият болып, мағынасын түсініп, өзін де өзгелерді де шатыстырмау маңызды. Осы ретте, кітабымыз подкаст бастап кетуіңізге көмек беріп қана қоймай, ағартушылық қызмет те атқарады", – деді кітап соавторы Бақытгүл Салыхова. 


Оқи отырыңыз: Подкаст қалай медианарықты жаулап жатыр? Табыс құпиялары


Кітапта Қазақстандағы подкаст саласының дамуы, подкаст тақырыптары мен форматтары, тыңдаушылар қызығушылығы, саланың болашағы сынды сұрақтар қамтылған. Ашық ақпарат көздеріндегі подкастарға талдау жасалып, еліміздегі подкастардың классификациясы ұсынылған. 

"Жылдан жылға қазақ тілінде шығатын кітаптардың саны артып келеді. Шетел әдебиеті, шетел оқулықтарын қазақ тіліне аудару бір ізге қойылды. Бірақ бізге отандық контекстке, қандай да бір сала туралы зерттеуге негізделген жергілікті авторлардың жұмыстарына назар салу керек. Алқа баспасы әйел зерттеуші, жазушыларға басымдық беретіндіктен осы кітапқа қуана басып шығардық", – деді Alqa баспасының жетекшісі Бану Дәулетбаева. 

Кітапты Alqa Publishing баспа үйінен және Меломан дүкендерінен алуға болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары