Тікелей эфир

Қазақстанда опа-далап бір айда 40 пайыз қымбаттады

Қазір елдегі бьюти саланың 50 пайызын кореялық косметика жаулаған.

Елде опа-далап, шаш әрлейтін бұйымдар қымбаттағандықтан, сұлулық салондарының да ақысы көтерілген. Осы саланың мамандары Ресейге салынған санкция әсерінен елге люкс тауарлардың келмей жатқанын айтады. Соның әсерінен бюджеттік өнімдердің бағасы аспандады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бьюти саласында 6 жылдан бері жүрген Сая Төлеубаева қолжетімді косметиканы қолдануды ұйғарған. Алайда оның өзі қымбат, дейді. Әсіресе, Ресей мен Беларусь елінен келетін өнімдер бірден 40 пайыз қымбаттаған.

"Косметикадан бөлек, бьюти саладағы барлық құрылғы мен жабдық қымбаттап кетті. Бюджеттік косметикалардың бағасын көріп жағамды ұстадым. Қазір Еуропа елінен келетін өнімдерді күтіп отырмыз. Тауар Ресейге салынған санкцияларға байланысты шекарада бөгеліп жатыр", – деді визажист Сая Төлеубаева.

Әр люкс тауардың үстіне 5 мың теңгеден қосылған. Ал қарапайым халыққа қолжетімді деген тауарлар 3 мың теңгеге қымбаттаған. Экономистер қымбатшылықты Ресейге салынған санкция және әлемдік инфляциямен байланыстырды.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында тауық еті бір жылда 56 пайыз қымбаттады


"Антидағдарыстық жобалар сағат сайын жұмыс істеуі керек. Бізде тіпті айлап жұмыс жасалынбайды. Егер мұндай дағдарыстарға бірден төтеп бере алмасақ, халықтың жағдайы күннен-күнге қымбаттайды. Көрші елге санкция салынды деп қол қусырмай, өзіміз тығырықтан шығудың жолын табуымыз керек", – деді экономист Мағбат Спанов.

Сауда министрлігі халықтың қалтасын жан-жақтан қаққан қымбатшылықтан мүлдем бейхабар сияқты. Ведомствоға шағым түспегендіктен, әрекет етпейтінін айтады.

"Министрлікке әзірге косметика бағасының қымбаттауына байланысты шағым келіп түспеді. Алайда тауар тапшылығы мен бағаның өсуіне доллар бағамының өзгеруі мен әлемдік инфляция процестері әсер етіп жатқан болар. Кейбір бренд косметика Ресейдің нарығынан кеткен соң, біздің отандық компаниялар қиындық көруі мүмкін", – деді  сауда министрлігі департамент директорының орынбасары Дархан Бейсенбай.


Оқи отырыңыз: Өсімдік майы бір жылда ширек бағаға қымбаттады


Бьюти сарапшылар егер Еуропа мен америкалық бренд өнімдеріне тапшылық пен қымбатшылық жалғаса берсе, оны кәріс косметикаларымен алмастырамыз, дейді. Қазір елдегі бьюти саланың 50 пайызын кореялық косметика жаулаған. Ал косметика бағасының шарықтауы жалғаса берсе, сән салондарындағы қызмет түрі тағы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары