
Бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан облысының жаңа әкімі болып Нұралхан Көшеров тағайындалды. 1984 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген ол – Қазақстандағы ең су жаңа және ең жас облыс әкімі. Үш ай бұрын ғана тағайындалған Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Нұралхан Көшеровтен 6 ай ғана үлкен. Аталған екі әкім қазіргі таңда Қазақстандағы ең жас облыс әкімдерінің көшін бастап тұр.
2023 жылы қаңтарда Ranking.kz облыс әкімдерінің орташа жасын есептеген болатын. Сол уақытта орташа жас 52,7 жасты құраса, бүгінгі көрсеткіш – 50,8 жасты құрайды.
Бұл аралықта Қазақстанның 9 өңірінің басшысы ауысты: Шығыс Қазақстан облысы – Ермек Көшербаев, Ақтөбе облысы – Асхат Шахаров, Солтүстік Қазақстан облысы – Ғауез Нұрмұханбетов, Жамбыл облысы – Ербол Қарашөкеев, Маңғыстау облысы – Нұрдәулет Қилыбай, Ақмола облысы – Марат Ахметжанов, Ұлытау облысы – Дастан Рыспеков, Шымкент қаласы – Ғабит Сыздықбеков және Түркістан облысы – Нұралхан Көшеров.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы әкімдердің орташа жасы нешеде?
Жаңа тізім бойынша облыс әкімдері арасында жас бойынша ең үлкені – Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев. Ол биылғы 4 желтоқсанда зейнет жасына толады.
60 жастан асқан облыс әкімдерінің саны үшеу болса, елуді еңсергендер саны – бесеу. Облыс әкімдерінің басым бөлігі (12 әкім) – 40 пен 50 жас аралығында.