Елімізде несиелер бойынша төлемі 90 күннен аса кешіктірілген берешектер көлемі кейінгі бір жыл ішінде 44,5 пайызға ұлғайған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Демек, қазір қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы борышы 582 миллиард 800 миллион теңгеге жеткен.
Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 506 миллиард 800 миллионы тұтынушылық кредиттердің үлесі болып отыр. Көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда тұп-тура 1,5 есеге артқан. Бірақ ипотека бойынша берешектер 17,1 пайызға төмендеп, 20 миллиард 900 миллион теңгеге азайған.
"Барлығы тұтынуға кетіп жатса, ол халықтың әбден қайыршыланып, жағдайының төмендегені сайын енді баяғыда бес-алты жыл бұрын той жасау үшін несие алды десек, қазір күнкөрісті қамтамасыз ету үшін несие алып жатқан жағдайлары бар. Және әр жерден үміт оты жанды. Әйтеуір, баяғыда банкілерді мемлекет өзінің бюджеттің ақшасымен құтқарып еді ғой, енді бізді де бірдеңе қылып құтқарады деп әбден қолды сермеп, не болса, ол болсын деп жүрген адамдар көбейіп бара жатыр", – деді экономист Жангелді Шымшықов.