Тікелей эфир

Қазақстанда мектептің спорт залын қалай және қаншаға жалға алуға болады?

Қаржы орталығының басшысы спорт залын жалға алу процесін түсіндірді.

Мектептердің спорт залын жалға беру ақысының базалық мөлшерлемесі бекітілген. Ол Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2,5 АЕК-тен, ал қалған өңірлерде 1,5 АЕК-тен басталады, деп мәлімдеді қаржы орталығының басшысы Асқар Ибраимов.

"Білім беру мекемелеріндегі спорт залын жалға беруге байланысты ерекшеліктер бар. Жаттығу залы жеке тұлғаларға да, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға да беріледі. Бірінші кезекте бұл сабақтан тыс және оқушылар демалысқа кеткен уақыт болуы тиіс. Сондай-ақ, "Білім туралы" заңның 63-бабына сәйкес, спорт залын жалға беруден түскен қаражатты мектеп өзі жұмсайды", – деді Асқар Ибраимов.

Мұнымен қатар, қаржы орталығының басшысы жалға беру мақсатына қатысты бірқатар ерекшелік бар екеніне тоқталды. Яғни, спорт залдар негізінен спортқа қызығатын балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту мақсатында жалға берілуі тиіс.


Оқи отырыңыз: Биыл 4-17 жас аралығындағы 77,5 мың бала жергілікті бюджет есебінен спорт секцияларымен қамтамасыз етіледі


"Осы тұста спорт залы субарендаға берілмейтініне назар аударғым келеді. Жалға беру ақысы базалық мөлшерлемеден басталады. Бұл – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары үшін 2,5 АЕК, ал қалған өңірлер үшін 1,5 АЕК-тен басталады. Мұнымен қатар, жалға беру ақысын тағайындайтын кезде коэффициент, құрылыс типі, тұрғын үй емес ғимараттың келбеті, қаншалықты жайлы екені, қай аймақта орналасқаны, жалға алушының айналысатын ісі мен ұйымдастыру-құқықтық формасы ескеріледі", – деді Асқар Ибраимов.

Әрі қарай қаржы орталығының басшысы процестің қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Мектептер rent-schools.gosreestr.kz сайтында хабарландыру орналастырады және жалға алғысы келетін азаматтар да осы сайттың көмегіне жүгінеді. Өтінім 3 жұмыс күні ішінде қаралып, аталған сайтта келісімшарт жасалады.

"Осы күнге дейін жалпы 227 келісімшарт жасалды. Олардың ішінде белсендісі – 215. Павлодар облысы 120 келісімшарт жасап, асқан белсенділік танытты. Бұдан кейінгі орындарда – Алматы қаласы, Жамбыл және ШҚО. Олар 35-тен бастап 25-ке дейін келісімшарт жасасты. Сондай-ақ, 8 өңірде бірде-бір келісімшарт жасалмады. Бұл қызығушылықтың төмен болуы мен мәлімет аздығының көрсеткіші", – деді Асқар Ибраимов.

Еске салсақ, білім министрі Асхат Аймағамбетов спорт залын жалға беруден түскен қаражаттың тікелей мектеп шотына аударылатынын мәлімдеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары