Қазір Қазақстан бойынша орта есеппен күн сайын төрт адам құмар ойынның кесірінен өз өзіне қол жұмсайды. Бұл туралы Атыраудағы "Жаңа өмір" қолдау орталығының мамандары айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Атыраулық Тимур Рамазанов құмар ойынның құрығына студент кезінде түскен. Оның айтуынша, әуелде қызық үшін 500 теңгеге бәс тігіп көрген. Кейіннен бұл шырмаудан шыға алмай, тапқан табысының тең жартысын құмар ойынға жұмсайтын болған. Осылайша, сегіз жылдың ішінде лудоманияның кесірінен дос-жаран, тума-туыстан айырылғанын айтады. Ол бәске тігетін ақша таппай, жақындарын бопсалайтын жағдайға жеткені. Дер кезінде өзін қолға алып, емделген.
"Қызық үшін бастап, құмар ойынының кесірінен қаржылай мәселеге тап болдым. Жеңіл жолмен ақша тауып, ешкімге тәуелді болғым келмеді. Қатты қиналдым. Көбі менен алшақтап кетті. Кейін оңалту орталығына барып, сонда үш айдай емделдім. Өте қиын процесс болды. Қазір қалыпты өмір сүріп жатырмын. Өзімнің бастан кешкенімді өзгелер сезінгенін қаламаймын", – деді Атырау қаласының тұрғыны Тимур Рамазанов.
Оқи отырыңыз: "Бәрін сатып жібердім". Құмар ойынға салынған әйелдің хикаясы.
Қазір Атырауда лудоманияға шалдыққандарды оңалтатын "Жаңа Өмір" қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда күніне он шақты адам келеді. Көбі – 30-35 жас аралығында азаматтар. Ойын құмарлыққа салынғандардың қатарында әйелдер де аз емес.
"Көбі адамның өзіне байланысты. Әртүрлі жастағылар келеді. Аптасына екі рет тренингтер жүргіземіз. Көбі соңғы межеге келгенде кетіп қалады. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Әйелдер де, еркектер де ойынға әуес болып бара жатыр. Жалпы, Қазақстанда осы ойынның кесірінен 3000-нан аса адам өзіне-өзі қол жұмсаған екен", – деді "Жаңа өмір" қолдау орталығының басшысы Нұртас Нұрғали.
Ел бойынша орта есеппен күніне төрт адам өз-өзіне қол жұмсайды, бірақ құмар ойын ойнайтындардың статистикасы жүргізілмейді. Бейресми ақпартқа сүйенсек, жылына 350 мың адам бәс тігіп, лудоманияның зардабын тартып келеді.
Оқи отырыңыз: Мәдениет министрлігі ойын бизнесін туризм саласы ретінде дамытуды жоспарлап отыр.