Тікелей эфир

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді

Қаулы Ақорданың сайтында жарияланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауын 20 қарашаға белгіледі. Қаулы Ақорданың сайтында жарияланды.

"Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін" делінген қаулы мәтінінде.

Қаулыға сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін уақытында жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етіп, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын 2022 жылғы күзде өткізуді ұсынған болатын.

"Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын", – деді президент 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ мемлекет басшысы президенттік мандатты қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды.


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауын 2022 жылғы күзде өткізуді ұсынды


 

Серіктестер жаңалықтары