
Сенатор Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесін шұғыл шешу қажет деп дабыл қағып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өйткені, кейінгі бес жыл ішінде кәмелет жасына толмай құрсақ көтерген қыздар саны 1,5 есеге ұлғайған. Оның айтуынша, бұл – қауіпті үрдіс.
"Бала көтеретін жасқа келген жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдымыздағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық. Сонымен қатар мына жүкті болған қыз балалар автоматты түрде қауіп-қатер аймағына енеді және білім алу мүмкіндігін жоғалтады. Әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Тіпті, суицидке осындай қадамдарға барып жатқан жағдай. Өмірі өксумен өтетін жағдайларға әкеліп жатыр", – деді Парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Сенатор 2023 жылы 5 000 бұрымды құрсақ көтеріп, босанған дейді. Бірақ жауапты орган жасөспірімдер арасындағы жүктілік деректерінің бәрін бірдей тіркемейді екен.
Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы көрсеткіш 10 пайызға төмендегенін мәлімдеген. Демек, фактілердің дұрыс есептелмеуі салдарынан осындай динамика қалыптасып отыр. Сондықтан, проблема ерекше бақылауға алынуға тиіс.
Алдымен, құзырлы министрліктер жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептерін анықтап, талдау жүргізуі қажет. Әрі ерте жүктіліктің қаупі жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын шұғыл қолға алған жөн. Бастысы, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң нормаларының орындалуын қадағалау маңызды дейді депутат.