Тікелей эфир

Қазақстанда ата-аналардың 58 пайызы баласының суреті мен жеке мәліметін желіге жариялайды

Құқық мамандары бұл балалардың алаяқ құрбаны болу қаупін арттыратынын айтады.

Қазақстанда ата-аналардың 58 пайызы желіге баласының суреті мен жеке мәліметін жариялайды. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан респонденттердің 54 пайызы мұны баласының қалауынан тыс жасайтынын бөлісті, деп мәлімдеді Kaspersky балалардың онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне жауап беретін бөлім жетекшісі Андрей Сиденко.

2022 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы қаңтар айларында компания жүргізген сауалнама барысында ата-аналардың 48 пайызының желіде баласының өмірінде болған оқиғаны, 36 пайызының хоббиін және 28 пайызының баланың есімін жариялайтыны белгілі болды. Сауалнамаға 18 жасқа дейінгі баласы бар мыңнан астам респондент қатысты. 

Мұнымен қатар, респонденттердің 52 пайызы баласының әлеуметтік желіде парақшасының бар екенін біледі:

  • TikTok – 70%;
  • YouTube – 62%;
  • Вконтакте – 27%. 

Оқи отырыңыз: Оқушылар қазір неге қатыгез және оған әке-шеше тәрбиесінің қатысы қандай? 


Осы орайда, ересектердің 28 пайызының баласының әлеуметтік желідегі парақшасының паролін білетіні белгілі болды. 24 пайызы құпия сөзді біліп қана қоймай, желідегі парақшасын өз мақсатында пайдаланады. 

"Ата-аналардың неліктен баласын қатаң бақылауда ұстағысы келетіні түсінікті. Дегенмен бақылап қана қоймай, балаға овершерингтің салдарын түсіндіру қажет. Кейде мұның маңыздылығын ересектердің өзі де түсінбей жатады", – деді Андрей Сиденко. 

Алматыдағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова ата-аналардың бұл әрекеті баланың алаяқтардың құрбаны болу қаупін арттыратынын айтады. 

"Қылмыскерлер әлеуметтік желі арқылы баланың ата-анасы, туған жері, оқу, жұмыс орны туралы мәліметті жинайды. Осы мәліметті пайдаланып балаға ата-анасымен етене таныс екенін айтады. Ұлыбританияда бейтаныс ер адам осылай мектептен бала ұрламақ болды. Екіншіден, әке-шешесі жариялаған барлық сурет баланың өзіне ұнамауы мүмкін. Сондай-ақ, ол суреттерді баланың сыныптастары мен басқа жаман ниетті адамдар киберқорлау мақсатында пайдалануы мүмкін", – деп түсіндірді Халида Әжіғұлова. 

Мұнымен қатар, Kaspersky компаниясының Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов бала онлайн кеңістікте өзін қауіпсіз сезінуі үшін Kaspersky Safe Kidsті қолдануға болатынын айтты. 


Оқи отырыңыз: Әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады. Мектеп неге буллинг мекеніне айналды?


"Оның көмегімен ата-ана баласының интернетте қанша уақыт отыратынын біледі және қажетсіз контенттен қорғайды. Бұдан өзге геолокация функциясының арқасында баланың дәл қазір қай жерде жүргенін біле алады. Бұл қызмет мектептен жалғыз өзі қайтатын балалар үшін тиімді болмақ. Жуырда компания өнімді жаңартуды жоспарлап отыр", – деді Валерий Зубанов. 

Серіктестер жаңалықтары