Тікелей эфир

Қазақстанда алименттен жалтарған әкелер ақшасын құмар ойынға салады – мамандар

Тең жартысына ұл-қыздарының алдындағы берешегін бермей жалтарып жүргені үшін елден шығуға тыйым салынған.

Еліміздің солтүстігінде туған баласына алимент төлемей қашып жүрген азаматтар ақшасын құмар ойынға салып жүр. Ұл-қызының аузынан жырып казино ойнайтындар жылдан жылға көбейіп келеді. Баласының алдында берешегі бола тұра бәс тігетіндер шынайы табысын жасырып, бірнеше құйтырқы әрекеттерге барады дейді мамандар. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.

Светлана Орманова осыдан он бес жыл бұрын күйеуімен заңды түрде ажырасып, тағдыр тәлкегімен екі жаққа кетуге мәжбүр болған. Содан бері екі баласын жалғыз бағып жүрген әйел, күйеуім әкелік міндетін орындауды ұмытты дейді. Яғни, соңғы жылдары бауыр еті баласына алимент төлемей жалтарып жүр. Қазір азаматтың ұл-қыздары алындағы берешегі 1 миллион теңгеден асқан.

"2010 жылдан бастап сот маған алимент тағайындаған. Соңғы 2-3 жыл ішінде бұрынғы күйеуім қаражат беруді мүлдем тоқтатты. Кейін оны сотқа бердік. Енді сот оған осы жылдар бойы жиналған 1 миллион 200 мың теңге қарызды төлеуді міндеттеп отыр. Соны күтіп жүрміз", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Светлана Орманова.


Оқи отырыңыз: "Ақша сұраса, жіберуге асықпаңыз". Сарапшы алаяқтар, онлайн несие және жеке деректерді қорғау туралы


Солтүстікте әкелер мен аналардың балалар алдындағы берешегі 370 миллион теңгеге жеткен. Тіпті, анасының балаларына, ұл-қыздарының қарт ата-анасына берешек болып отырған жайттар да аз емес екен. Бірақ көп жағдайда әкесі балалары үшін алимент төлемейді дейді мамандар. Сорақысы балаларының алдында берешегі бола тұра бәс тігетіндер де көп екен. Мәселен, бір азамат екі миллион теңге алимент қарызы бола тұра, казино ойнап бар жиған-тергенін құмар ойынға жұмсаған.

"Борышкерлер берешегін төлеудің орнына букмекерлік кеңселерге 56 миллион теңге қаржы жұмсаған. Осы фактілерге байланысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осы азаматтардың табысын жасырып, берешегін төлемей жүргені дәлелденсе, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады", – деді СҚО Прокурорының аға көмекшісі Аида Бабасова. 

Елімізде жиырма мыңға жуық азамат бауыр еті баласына беруі тиіс алиментті өтей алмай жүр. Олардың берешегі 20 миллиард теңгеге жеткен. Тең жартысына ұл-қыздарының алдындағы берешегін бермей жалтарып жүргені үшін елден шығуға тыйым салынған.

Серіктестер жаңалықтары