Тікелей эфир

"Қазақстан халқына" қаржысын да пайдалану қажет". Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмек туралы

Мемлекет басшысы Республикалық штабтың отырысын өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорда ресми сайты. 

"Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, "Қазақстан халқына" қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. "Самұрық-Қазына" қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін", – деді мемлекет басшысы. 

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды.


Оқи отырыңыз: "Жағдай осылай жалғасса, қызметтен босату керек". Президент су тасқынымен күреске немқұрайлы деген баға берді


"Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айтпақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары