Қазақстан құрамасы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына аттанды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
"Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті. Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді", – деп жазылған хабарламада.
Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады.
Айта кетейік, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.
Ресми іс-шарада Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі. Министр бұл оқиғаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
"Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр", – деді Ермек Маржықпаев.
Ол Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарғанын атап өтті.