Тікелей эфир

Қазақстан Париж Олимпиадасын 7 медальмен қорытындылады: АҚШ командалық есепте бірінші болды

Қазақстан осы Олимпиадада 1 алтын, 3 күміс және 3 қол медаль алды.

Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады.

Ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола алған отандасымыз Парижде Олимп шыңын бағындырды. Осылайша, жерлесіміз дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы атанды.

Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады. Грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев Олимпия ойындары тарихында араға 20 жыл салып осы спорт түрінен финалда белдесті. Ал Нариман Қазақстан гимнастика тарихында Олимпиадада медаль алған тұңғыш спортшы атағына ие болды. Нұрбек Оралбай бокстан Олимпиада тарихындағы 26-шы жүлдені ел қоржынына салды.

Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Медальдық есепте АҚШ құрамасы 127 медаль (40 алтын, 44 күміс, 43 қола) жеңіп алды. Қытай спортшылары 91 медаль (40 алтын, 27 күміс, 24 қола) жеңіп алды. Жапония 45 медальмен (20 алтын, 12 күміс, 13 қола) үшінші орын алды.

Айта кетейік, келесі жазғы Олимпиада ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары