Тікелей эфир

Қазақстан мен Өзбекстан арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық нығаяды

Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі.

Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Абдулла Ариповтің төрағалығымен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд болды, 2024 жылдың төрт айында оның көлемі $1,2 миллиардтан асты.

"Өнеркәсіптік кооперация 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, $3,1 млрд сомасына 69 жобаны іске асыруды көздейді. Бүгінгі таңда $217 млн сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылып, 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды", – деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта $178 млн-ға үш инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Ірі жобалардың бірі – Тараз қаласындағы 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электрометаллургия зауыты. Машина жасау саласында Қазақстан мен Өзбекстан жыл сайынғы негізде электротехникалық өнімдер мен аккумуляторларды өзара жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді.

Тараптар "Дарбаза – Мақтаарал", Алматының айналма жолы, Достық стансасы жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірді.

"Біздің үкіметтеріміздің алдына екі елдің мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымын $10 млрд дейін жеткізу бойынша ауқымды міндет қойды. Бұл бағытта біз агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өнеркәсібінде сауданы ұлғайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация деңгейін арттыруға мүдделіміз", – деді Олжас Бектенов.

Ал Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары стратегиялық әріптестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

"Барлық салада оң өсім байқалады. Бұл біздің бауырлас халқымыздың мүдделеріне толық сай келеді. Мұндай жоғары деңгейдегі әріптестіктің маңызды факторы – екі мемлекеттің басшылары арасындағы достық пен сенімді қарым-қатынас екені сөзсіз", – деді Абдулла Арипов.

Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысының хаттамасына қол қойылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары