Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
"Қазақстан Президенті ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді", – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатыр. Тиісті "жол карталары" жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісімшарттары бойынша жұмыс жүргізілуде. Өзара тауар айналымының көрсеткіштері жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құрады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Су тасқынынан зиян шеккендерге мемлекет пен үкімет қаржылай көмектеседі
Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді.