Қазақстан интернет сегментінде заңға қайшы контент көлемі екі есе өскен

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Фото: Информбюро порталы
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Фото: Информбюро порталы
Заңсыз контенттің көбі терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттайды және онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалайды.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісінде пост жазып, желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырды. 

"Қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады. Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын", – деді мәдениет минстрі. 

Министрдің түсіндіруінше, миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінеді. 

Аида Балаева ұсынған статистика бойынша, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар.


Оқи отырыңыз: Алматыда есірткі жарнамасын таратқан күдіктілер ұсталды


Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды.

"Кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – ауызбіршілік пен ынтымақ. Сондықтан бәріміз Мемлекет басшысы атап өткендей, нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты кілті саналатын заң мен тәртіп қағидатын берік ұстануымыз қажет", – деп түйіндеді Аида Балаева. 

Серіктестер жаңалықтары