Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін үміткерлердің мемлекеттік тілді, ҚР Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу деңгейін анықтайтын емтиханды әзірлейтін уәкілетті орган болып бекітілген болатын. Министрлік бұл емтиханды әзірлеу және бекіту үшін 18 миллион теңге қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы құжат жобасынан белгілі болды.
"Жобаны қабылдау республикалық бюджеттен 18 000 000 теңге көлемінде қаржылық шығындарды талап етеді. Бұл қажеттілік 2024-2026 жылдарға арналған "Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландырылатын болады", – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.
Еске салайық, енді қазақ тілін, Қазақстан тарихын және оның Конституциясын білмейтін адамдар Қазақстан азаматтығын ала алмайды. Таяуда Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі және Қазақстан тарихы мен Конституциясы бойынша емтихан тапсырудың ережелерін әзірледі. Оған сәйкес,
Оқи отырыңыз: Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілінен емтихан: Тест 100 сұрақтан тұрады
Емтихан тест форматында өтеді. Тест 100 сұрақтан тұрады. Оның ішінде:
- қазақ тілі бойынша – 60, оның ішінде: тыңдалым бөлігі бойынша – 20, оқылым бөлігі бойынша – 40 сұрақ;
- ҚР Конституциясының негіздері бойынша – 15 сұрақ;
- Қазақстан тарихы бойынша – 25 сұрақ.
Қазақстан азаматтығын алу үшін жеткілікті шекті балл 60 балл болып белгіленді. Оның ішінде үміткер:
- Қазақ тілінің тыңдалым бөлігі бойынша – кемінде 12 балл, оқылым бөлігі бойынша – кемінде 24 балл;
- ҚР Конституциясының негіздері бойынша кемінде – 9 балл;
- Қазақстан тарихы бойынша – кемінде 15 балл жинауы керек.
Тестілеуге берілетін жалпы уақыт 2 сағат 10 минутты құрайды.
Оқи отырыңыз: Дүйсенова азаматтық алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру туралы: Құжатында ұлты жазылмаған азаматтар көп келіп жатыр