Қазақстан азаматтарының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған ақшасы 20 триллион теңгеге жетті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ұлттық банктің мәліметінше, қарттыққа жинаған қаржы мөлшері бойынша алматылықтар көш басында.
Мегаполис тұрғындарының зейнетақы қорында жатқан сома бүгінде 4 триллион теңгеден асады. Одан кейін 2,3 триллион теңге көрсеткішпен Астана, халқының жинағында 1 жарым триллион теңгеден аса ақшасы бар Қарағанды облысы үшінші орында тұр. Ал ең аз қор Ұлытау мен Алматы облысының азаматтарында.
Ел бойынша жинақтардың ең көп көлемі 31 мен 40 жас аралығындағы салымшыларда екен. Олардың 3 миллионнан асатын жеке шотында шамамен 6 триллион теңге жиналған.
Айта кетсек, қазір міндетті жарналар бойынша ашылған жеке зейнетақы шоттарының саны 11 миллионнан асты.