
Бас прокуратураның қызметкерлері Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің көмегімен, күдіктіні Беларусь Республикасынан ірі мөлшердегі алаяқтық үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады.
"Ол 2022 жылғы қаңтардан 2023 жылғы тамызға дейінгі кезеңде Түркістан қаласында бір топ адам болып әрекет етіп, кәсіп ашу үшін тегін ақшалай грант алуға көмектесеміз деген сылтаумен 13 азаматтың қаражатын ұрлаған, оларға 10 миллион теңгеден ірі мөлшерде шығын әкелді", – делінген хабарламада.
Бұл қылмыстың сыбайласы сотталған, ал күдікті заңсыз әрекет жасағаннан кейін қашып кеткен және халықаралық іздеуге жарияланған.
"Күдікті 2024 жылғы қазанда Беларусьте ұсталып, Қазақстан бас прокуратурасының өтініші бойынша отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті Астанадағы тергеу изоляторына қамалды. Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеу арқылы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған", – делінген хабарламада.