Тікелей эфир

Қазақстан алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильм топтамасын ұсынды

Берлин фестивалі мен кино нарығы аясында әр картина 7 рет көрсетіледі.  

72-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің және оның аясында өтетін Еуропа кинонарығында Қазақстан алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильмнен тұратын топтама ұсынды. Сондай-ақ, Берлиналенің фестивальдік бағдарламасына отандық үш картина енді, деп хабарлайды ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.

Олар – Дәрежан Өмірбаевтің "Ақын", Фархат Шәріповтің "Схема" көркем фильмдері. Екеуі де ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. Үшіншісі – Асқар Ұзабаевтың "Бақыт" әлеуметтік драмасы. Берлин фестивалі мен кино нарығы аясында фестиваль қатысушылары, дистрибьюторлар және баспасөз өкілдеріне арналған көрсетілімдерді қоса алғанда, әр картина 7 рет көрсетіледі.  

Forum секциясында ұсынылатын "Ақын" фильмінің тұсаукесері Токио кинофестивалінде өтіп, оның авторлары үздік режиссура үшін сыйлыққа ие болған еді.  Ал "Схема" туындысы, өткен желтоқсанда ұйымдастырылған Мәскеу кинонарығында үлкен қызығушылыққа ие болды.


Оқи отырыңыз: 


Бұдан өзге сатып алушылар назарына Алдияр Байракимовтың "Паралимпиадашы", Ернар Нұрғалиевтің "Алға" және Айдын Сахаманның "Дос-Мұқасан" мюзиклі енді. 

"Берлинмен тоқтап қалмаймыз. Әлемнің ірі кинонарықтарына қатысуды жалғастырамыз. Алдағы Канн фестивалінде қойылатын Қазақстан павильоны – бұл да бірыңғай алаң. Оған біз Қазақфильмді де, ірі продакшн-студияларды да шығармақпыз. Киноорталықтың сыртқы нарыққа бірыңғай оператор ретінде шыққаны дұрыс. Бұл ел имиджін қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді және киноиндустрияның барлық қатысушыларына саланың біртұтас болып, бір бағытта қозғалатынын түсінуге мүмкіндік береді. Бүкіл әлем осындай қағидатты ұстанады", – деді ҰКҚМО басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов. 

Еске салсақ, 94 "Оскар" жүлдесіне кімдердің ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Серіктестер жаңалықтары